Иек артқан теңізге мүйістейін, Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін. Иіскейін тек қана, тиіспейін, Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін. Қолаң қара шашың-ай күн қақтаған! Қос бұрым-ай жотаңда бұлғақтаған! Қарғам, сенде жерімнің иісі бар-ау, Жер иісі жұпардан қымбат маған! Иісі бар-ау дәннің де, шалғынның да, Қырдың да, қырманның да, жаңбырдың да, Тұр, сірә, мына шашта иісі аңқып
Аптаптың, аңызақтың, тандырдың да. Шашыңнан иіскетші, қарғам, маған, Есіме түсер ме екен арман-далам. Иіскетші? Жауқазын-жан екенсің: Жасанды әсемдікке алданбаған. Тұрғам жоқ сауға сұрап қылығыңнан, Жан едім махаббаттың құрығы ұрған. Иіскейін жұртымның топырағын, Иіскет, қарғам, маған бұрымыңнан.