Мықты болсаң... Айлықты да, Байлықты да жоқтама! Басың сұқпа бұйда, жүген, ноқтаға! Мықты болсаң - алаңдама!
Ауытқыма! Мықты болсаң - аялдама, Тоқтама! Сәті келді, Сәтіңді бос өткізбе! Баратын жер, Басатын тау көп бізде. Мықты болсаң - алдағыны басып оз, Мықты болсаң - арттағыға жеткізбе! Ойлануға, Толғануға жоқпыз ба? Жалтақтама! Жалбарынба көп қызға! Мықты болсаң - шоқалаққа сүрінбе! Мықты болсаң - тайғанама кек мұзға! Айбат шексін! Арпылдасын көк төбет! Шық онымен жекпе-жекке, Бетпе-бет! Мықты болсаң - бөгеттерді бұзып өт! Мықты болсаң - заманыңды көктеп өт! Самға! Самға! Көз ұшында қалықта! Қону қиын, Оған бірақ қамықпа! Мықты болсаң - құлдырама төменге! Мықты болсаң - сол биікте қалып қал!