Желсіз түнде жарық ай, Сәулесі суда дірілдеп, Ауылдың маңы терең сай, Тасыған өзен күрілдеп.
Қалың ағаш жапырағы Сыбырласып өзді-өзі, Көрінбей жердің, топырағы, Құлпырған жасыл жер жүзі.
Тау жаңғырып, ән қосып Үрген ит пен айтаққа. Келмеп пе едің жол тосып Жолығуға аулаққа? Таймаңдамай тамылжып, Бір суынып, бір ысып, Дем ала алмай дамыл қып, Елең қағып, бос шошып. Сөз айта алмай бөгеліп, Дүрсіл қағып жүрегі, Тұрмап па еді сүйеніп, Тамаққа кіріп иегі?