Гуру Песен Популярное
А Б В Г Д Е Ж З И К Л М Н О П Р С Т У Ф Х Ц Ч Ш Э Ю Я
# A B C D E F G H I J K L M N O P Q R S T U V W X Y Z

Қазақ - Абайдың екінші қара сөзі | Текст песни

ЕКІНШІ СӨЗ
Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді: «енеңді ұрайын кең қолтық, шүлдірлеген тәжік, арқадан үй төбесіне саламын деп қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт» деген осы» деп.
Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай атқа мінсе шаршап, жаяу жүрсе демін алады, ноғай дегенше ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейтұғын, солдат ноғай, қашқын ноғай, «башалшік(1)» ноғай деп.
Орысқа да күлуші еді: «ауыл көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп. Орыс ойына келгенді қылады деген... не айтса соған нанады, «ұзын құлақты тауып бер депті» – деп.
Сонда мен ойлаушы едім: ей құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі ант ұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.
Енді қарап тұсам сарттың екпеген егіні жоқ, судагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, бірімен-бірі шаһари жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малды кірелеп, сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайлық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медіресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда.
Оның малдарына құзғын тамағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Біздің байымызды: «Сәнің шақшы(2) аяғың білән пышыратырға қойған идән түгіл, шық, сасы қазақ» – деп үйінен қуып шығады.
Оның бәрі бірін – бірі қуып, қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып зор болғандық әсері.
Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз.
Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?
1 – Ұсақ саудагер
2 – Лас, былғаныш.


Статистика страницы на pesni.guru ▼
Просмотров сегодня: 1
Видео
Нет видео
-