Аяғыма кигенім былғары етік, сәулем-ай, Табанымнан барады ызғар өтіп, сәулем-ай. Жақсы болсаң, келерсің судан өтіп, сәулем-ай, Жаман болсаң, қаларсың суға кетіп, сәулем-ай.
Қ/СЫ: А-хоу, Сәулем, сәулем, сәулемсің, Басымдағы дәуренсің. Жақсы болсаң – сәулемсің, Жаман болсаң – әуремсің.
Ағынан да алманың көгі жақсы, сәулем-ай, Барынан да жаманның жоғы жақсы, сәулем-ай. Бір сөз айтсаң жаманға, теріс қарар, сәулем-ай, Қорғасындай балқыған қайран жақсым, сәулем-ай.
Қ/СЫ:
Сен де сері сәулем-ай, мен де сері, сәулем-ай, Шын сүймесең, көңілімді бермес едім, сәулем-ай. Томағасын алдырған лашындаймын, сәулем-ай, Сен болмасаң, бұл жерге келмес едім, сәулем-ай.
Қ/СЫ:
Халық әні «Сәулем-ай» – халық арасына кең тараған әсем әндердің бірі. Музыкалық туынды сезімді қозғайтын сыршылдығымен, ойлылығымен әрі ойнақылығымен ерекшеленеді. Мән-мағынасы терең, әуезді ән үлкен сахналарда, халық арасында үзбей шырқалып келеді.