Жарылған бомба. Атылған оқ пен аққан қан, Ажалдың иісін сезесің анау шатқалдан. Тау-тасты кезіп қаңғырып кеткен сол жылы Жастық шақ дейтін біздегі ғажап, тәтті арман.
Кандагар, Кабул. Қазаны сынды тамұқтың, Жан досым кеткен ішінде мырыш табыттың. Қаруды тастап, қолымда балдақ. Қайттым мен. Санамда ізі табаны шынжыр танктің.
Шырылдап өмір Ажалдың азу тісінде, Қанша рет өліп, тірілдік оттың ішінде. ... Ұйықтаудан қорқам ... Ұйықтасам шошып оянам Ауғанда қалған аяғым сөйлеп түсімде.
Жүрсек те көріп сияпат-шуақ, сыйды ерек, Бауырым, біздің бейбіт күндегі күй бөлек. ... Ұйықтаудан қорқам ... Ұйықтасам жүрем түсімде Жауынгер достың жарты денесін сүйрелеп.
Жетелеп мені жүрсе де дәйім нұрлы үміт, Ішімде бір күш жатады ылғи дүрлігіп. Сабырдың кейде сауытын быт-шыт сындырып, Сындырып бәрін тас-талқан қылып тындырып... Қарайды сосын Түн күліп мені жынды ғып, Ұйықтамақ болам ... Ұйықтап ем жұлқып оятты Ауғанда өлген жастығым кенет шыңғырып.
Өзіммен өзім, Ешкімнің менде жоқ ісі, Жүрегім мынау – қасыреттердің тоғысы. Ауғанның жері – бұл менің жыртық тағдырым, Санамда әлі бітпеген сұмдық соғысы.