Жыламашы, жылаудың аты – қайғы, Жыламашы кеткендей батып ай, күн. Жылатқан сені солай қатігез жан, Бір тамшы жасыңа да татымайды.
Көмескі тартып күлдей реңің шын, Құлағандай болмашы тіреуішің. Шын ғашық жылатпайды ешқашан да, Жыламашы қайдағы біреу үшін.
Өзі жасын төксе де көл ғып, мейлі, Шын ғашық жылатпайды, егілтпейді. Шын ғашық сенен алыс ұзамайды, Шын ғашық телефонға телміртпейді.
Шын ғашық – сенің дәйім жанашырың, Аямайды өзіңнен бар асылын. Аруларды аялай алмайтындар, Бар болғаны «ұлдары мамасының». Бақытыңның бағасын бағамдай біл! Іздеп оны қашан да алаңдай жүр! Бақытыңды іздей бер! Күдер үзбе! Өйткені ол сені іздеп таба алмай жүр.
Бақытысың біреудің, үмітісің. Күлші қане, бар мұңың ұмытылсын! Көбелектей әр гүлге ұшып- қонған, Жыламаңдар, қыздар- ай, жігіт үшін