Пай, пай, Өмір! Өтесің-ау бір күні. Тыясың-ау қуанышты, күлкіні. Өмір деген - бір жарқ еткен найзағай, Өмір деген - көк аспанның күркірі. Пай, пай, Өмір, Өтесің-ау бір күні! Болмағандай, жүрмегендей сенде біз, Кетеміз-ау, әй, кетеміз,.. пендеміз. Ұрпақтарға береміз де кезекті, Біз кетеміз. Кету үшін келгенбіз. Өмір деген - бұйым емес қолдағы, Өмір дейтін - ұлы бекет жолдағы. Қаның кеуіп қаталаған кезіңде Сусыныңды қандырсаң бір болғаны. Мына күн де, мына аспан да, дала анау, Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау! Өмір дейтін - тағатсыз бір қозғалыс, Өмір дейтін - өлемін деп қарамау. (С)Мұқағали Мақатаев