Ертең – сенбі… Өмір өтіп барады, Осы аптада бітіргенім шамалы! Осы аптада бітірем деп жүргенде, О, әкеңнің… сенбі келіп қалады… Ертең – сенбі… Ертең тағы − демалыс, Көңілімді кері итерер кері ағыс, Бір аптаға, жоқ, бір айға жоғалып, Елге кетіп қалсам ба екен ең алыс?! Ертең – сенбі… Түсінбедім, не бұным? Екі күн + той, бес күн + жұмыс = Өмірім?! Тойға барып қарным тойып келсе де, Неге менің аш қайтады көңілім?! Ертең – сенбі… Қайдан ұқсын басқалар?! Ішу-құсу, жылау-сықтау басталар: Күйеулері маймыл құсап мас болар, Әйелдердің әжіміне жас толар… Ертең – сенбі… Түсініксіз не екені?! Оқу керек М.Тәтімов көкені! Сенбі күні неге жігіт азайып, Көшелерде қыз көбейіп кетеді?! Ертең – сенбі… Әуелейді әніміз, Дайын тұрар дастарханда дәміңіз. Сенбі күні қуанамыз бәріміз, Сенбі күні мұңаяды кәрі қыз… Ертең – сенбі… Шыр айналып қаланы, Біреу – теңге, біреу – жеңге табады. Үйленетін жігіттей боп киініп, Тамадалар тойға кетіп барады… Ертең – сенбі… Оттай жанып жанары, О, қаншама қыздың бағы жанады?! Бір бойжеткен неке жүзік таққанда, Жүз бойжеткен үміттеніп қалады. Ертең – сенбі… Бүгін ─ жұма, Құдайым, Жүрегімді жайып… дұға қылайын: Адасқандар арманына қосылып, Бірін-бірі бақытты етсін, ылайым! Ертең – сенбі… Өте шығар күн қысқа, Қызмет қуып, қызық қуып, тырмыспа! …Ертең − сенбі, Ертең − сенбі, қарындас, Ал сен әлі шыққан жоқсың тұрмысқа… Ертең – сенбі, Өмір өтіп барады, ай… Авторы: Алмас ТЕМІРБАЙ