Тағы да бізді тосады Тағы тау, жықпыл жартастар, Жігіттің болмас осалы Өмірін жазған әр тасқа. Тұқырту үшін өр шыңды Талмас күш-жігер, еп керек, Альпинист ессіз ер сынды Тағдырмен шыққан жекпе-жек. Құзды асып, қияға жол сап көр, Алдыңда - құрдым, артың - жар, Арқандар талай сол сәтте Қыл көпір болып қалтылдар. Альпеншток болат сынаны Жартасты жарып, мың ұрған, Шығыршықта сонда тұрады Ілініп қана шыбын жан. Талайдың жұтқан бастарын Түпсіз құз көзді талдырар, Қайталап соңғы ащы әнін, Азалы шатқал жаңғырар. Қарама төмен, қарама, Қарасаң, миың тербелер, Ақ ала дүние бара ма Аяқ астыңда дөңгелеп. Қалдым сау қанша жазымнан, Ырымға сенбеу қиын-ақ, Жанымды атың жазылған Кестелі шытқа түйіп ап. Аласарса ақбас биіктер, Шыңында тұрып бақ табам, Сағыныш саған жиып кеп, Оралу үшін аттанам!