«Тағдыр сынға душар етті не түрлі, Досым көп пе?! Әй, досымнан бөтен көп. Аңғал басым ойлап қалған секілді, «Достың бәрі адал, сертке бекем» деп.
«Таққа міндім», түзегендей көпшікті, Шапан жауып ағайын жүр секеңдеп. Төмен түстім, ойым қата боп шықты, Туысқанның бәрі жомарт екен деп.
Тау қопардым бір жан үшін, үркімей, Жүргеннен соң арқа сүйер көкем боп. Ісім түсті...жиырылды кірпідей, «Қап, қолымнан келмейтін іс екен» деп.
Адалдыққа жан жетпеген, жетем деп... Еш сыныңды елеместен өтем деп... Жолдас болдым жалғыздықты мекендеп, Кеттім сосын өз-өзіме бөтен боп...» –
– деп, жолаушы тұтандырды білтесін, Мұңын шағып, қара сөзден от өрмек. «Дос, туысың, көкеңнен не күтесің? Мен де дейін, өзіңе сен, ет еңбек».
Жылы жаптым солай қазан қақпағын, Мұңлықтың мұңы жұғып кетер деп. Мен де білмен, бірге бәлкім жақпадым, Қорықпаймын кетеді деп бөтен боп.
Жанды берген Жаратқан хақ мені алдан жарылқайды, шаң-тозаңдай секем жоқ. Жырды берді Тәңір маған «сен Арман – Татулықтың іргетасын көтер», - деп.
Елі болса еміренер ерім деп, Мен бір білсем дарымайды батырға оқ. Құшақ қайда, жүйіткейін тебіндеп, О, Адамзат біріңнің де жатың жоқ. Жатсың деуге менің-дағы хақым жоқ.