Автор: Бақытбек Смағұл Бұл даланы жұмыр жердің бетінде, Алла берген қазағымның ниетіне. Ата жауым кеткен талай тентіреп, Жете алмастан шегі менен шетіне. Сол даланы ардақ тұту арманым, Арманыма өмірімді арнадым. Бабаларым ұрпағының бағы үшін, Қанын шашып, сүтпен сызған аумағын.
Соны ойласам жүрегімді өрт алар, Бұл далаға қай құдірет жете алар?! Отаныма көзі түскен жау болса, Сүйегімді аттап қана өте алар.
Ту көтеріп намыс атын, ар атын, Ар мен намыс - менің екі қанатым. Мені саған жүрексіз деп кім айтты, Сүйегінен аттаттыра салатын.
Аттатпаған ақ білектің күшімен, Тот баспаған ақ найзаның ұшымен, Асқақтаған өр рухты мысымен, Сақтап қалған қыран қабақ сұсымен.
Ұлы далам, ұлы бабам, ұлығым, Ұрпағына дән ғып сепкен ұрығын. Ту ғып ұстар тәуелсіздік тұғырын, Азат елдің Қазақ деген ұлымын!