Домбыраға қол соқпа Шымырлатып бір-бірлеп. Жүрегім, соқпа, кел тоқта, Жас келер көзге жүр-жүрлеп. Қайғылы көңлім қайдағы Бұрыңғымды жаңғыртар, Қайратты алып бойдағы Басымды қайғы қаңғыртар.
Есіңде бар ма жас күнің, Көкірегің толық, басың бос Қайғысыз-ойсыз мас күнің Кімді көрсең бәрі дос. Махаббат-қызық, мал мен бақ Көрінуші еді досқа ортақ, Үміт жақын көңіл ақ, Болар ма енді сондай шақ.
Құдай-ау қайда сол жылдар, Махаббат қызық мол жылдар, Ақырын, ақырын шегініп Алыстап кетті құрғырлар. Көзіме жас бер, жылайын, Тағат бер, сабыр қылайын, Жаралы болған жүрекке Дауа бер, емдеп сынайын.
Көлеңке басын ұзартып Алысты көзден жасырса, Күнді уақыт қызартып Көкжиектен асырса. Күңгірт көңлім сырласар Сұрғылт тартқан бейуаққа, Төмен қарап мұңдасар Ой жіберіп жан жаққа.
Қарашада өмір тұр Тоқтатсам тоқсан көнер ме, Арттағы майда көңіл жүр Жалынсам қайтып келер ме. Майдағы жұрттың іші қар Бәйшешек қарға көнер ме, Ішінде кімнің оты бар Қар жауса да сөнер ме, Ішінде кімнің оты бар Қар жауса да сөнер ме.
Жақсылық ұзақ тұрмайды, Жамандық әркез тозбайды. Үміттің аты еліріп Қос тізгінді созбайды, Қос тепкіні салсаң да, Уайымнан озбайды. Бір қайғыны ойласаң Жүз қайғыны қозғайды. Жер торығыш желгек шал Желіп жүріп боздайды.
Алдадым, ұрдым, қырдым деп Шалықтап-шалқып шатпай ма, Қапысын тауып тұрдым деп Қулығын бұлдап сатпай ма. Момыннан жаман қорқақ жоқ 'Қу пысық' деген ат қайда, Арсыз болмай атақ жоқ Алдамшы болмай бақ қайда.
Аллах деген сөз жеңіл, Аллахқа ауыз жол емес. Ынталы жүрек шын көңіл Өзгесі хаққа қол емес. Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Көңілден кірді қашырса Адамның хикмет кеудесі.