Ана тілі
Ата-баба аманаты Тіл деген,
Нағыз надан дәл осыны білмеген.
Түкіргенді суын ішкен құдыққа,
Түсінбеймін, түсінбеймін мүлде мен.
Өз тіліңді сыйласаң, ол мінің бе?
Өзге тілде сөйлеу әлде білім бе?
Қорынбай-ақ, қорықпай-ақ, қазағым,
Амандасып жүрсеңші ана тілінде!
Ана тілің – бас байлығың, ырысың,
Тілің тірі болса ғана тірісің.
Ата-баба аманатын ұмытып,
Атқа мініп, шен алғаның құрысын!
Құрысын құнсыз мансабың да, тағың да,
Құрысын ізсіз, баяны жоқ бағың да.
Тілдің мынау шалажансар шағында,
Жүрмеген соң жүректілер жағында.
Қайран тілге қарашы мына жарымжан,
Қайырлаған, тынысы да тарылған.
Қайыр да жоқ қайраткерден қаптаған,
Қайыспайды қалай ғана қабырғаң?!
Алшаң басып жүргеніңмен кемді-күн,
Ала алмаса ана тілің теңдігін.
Алмағайып мынау зәрлі заманда,
Екіталай ертеңің мен елдігің.
Қазақшалап, әзілдесіп, ән салып,
Отырудың өзі бақыт қаншалық.
Бірте-бірте тіл тұншықса, Туысқан,
Сорына да жақындайсың соншалық.
Ел болар ек есті сөзді елесек,
Сөзге тоқтап жүрсе жас пен ересек.
Өлеңнің де өлген жері сол болар,
Түсінбесе ұрпағымыз келешек!
Өте шығар мына қорлық, қайғы, азап,
Болашағың болсын десең бай, ғажап!
Ең алдымен тіле тілдің тілеуін,
Ел боламын десең егер, ей, қазақ!
Дариға Тұранқұлова еще тексты
Оценка текста
Статистика страницы на pesni.guru ▼
Просмотров сегодня: 1