Қалған еді бір топ жігіт жиылып, Ақырында кетті әңгіме сұйылып. Шықты біреу мақтан қылып күнәсін, Әйелдермен жасап жүрген ойнасын.
Деді былай: \"Әйел деген – аңқау халық білсеңіз, Сене салар бетіне сәл күлсеңіз. Айта берсең құлағына ертегін, Ашып берер өзі-ақ саған етегін. Осылайша мен сияқты бұзығың, Көріп жүр ғой талай–талай әйел қызығын\".
Осы кезде сөзді бұзып бір жігіт, Күнәһарға ашуменен жүз бұрып. Деді былай: \"Шектен шықты сөзің тым, Айтшы, қане, әйел деген өзі кім?
Әйел деген - дәл өзіңдей адам, Әйел деген - кеше сені мәпелеген анаң. Әйел деген - намысың мен арың, Әйел деген - қойныңдағы сүйдім деген жарың.
Бесігінде жатқанда бөпелеген, Тәй-тәй басса, мәз болып жетелеген. Әйел деген - қызың ғой еркелеген, Әйел деген - қызың ғой әке деген.
Әйел деген - қарындас «аға» деген Бір өзіңді қорғаныш, пана көрген. Әйел деген - әпкең ғой алдыңдағы Сен қуансаң, қуанар алтын жаны
Аталғандар - туыстық жақындарың Дәл осындай қатынаста елдің бәрі. Жоқ олардың керексіз жаралғаны, Ойын, күлкі, зинаға арналғаны.