Гуру Песен Популярное
А Б В Г Д Е Ж З И К Л М Н О П Р С Т У Ф Х Ц Ч Ш Э Ю Я
# A B C D E F G H I J K L M N O P Q R S T U V W X Y Z

Досхан Жолжақсынов - Терме | Текст песни и Перевод на русский

Айналасын жер тұтқан
Айды батпас демеңіз.
Айнала ішсе таусылмас
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы жуан байлардан
Дәулет таймас демеңіз.
Жарлыны жарлы демеңіз
Жарлы байға тең келіп,
Жайлауға жарыса көшпес демеңіз.
Жалғызды жалғыз демеңіз.
Жалғыз көпке теңеліп,
Бір жапанда соғысып,
Кегін алмас демеңіз.
Құландар ойнар қу тақыр
Қурай бітпес демеңіз.
Қурай бітпес құба жон
Құлан жортпас демеңіз.
Құрсағы жуан боз бие
Құлын салмас демеңіз.
Қулық туған құлаша
Құрсақтанбас демеңіз.
Қу таяқты кедейге
Дәулет бітпес демеңіз.

Ай не болар күннен соң?
Күн не болар айдан соң?
Құлпырып тұрған бәйшешек
Қурай болар солған соң.
Хандар киген қамқа тон
Шүберек болар тозған соң.
Еңсесі биік кең сарай
Мортық болар бөлген соң.
Төрде отырған қарт бабаң
Төресін жаңылар малдан соң.
Төркіндеген бикешің
Тіркеусіз о да қайтар малдан соң.
Доңғалақ арба жүре алмас,
Қос арысы сынған соң.
Жігіт жақсы бола алмас
Алғаны жаман болған соң.
Қос - қос орда, қос орда
Қосыла қонбас малдан соң.
Қоспақ өркеш сары атаң
Қом жасамас майдан соң.
Төс аршынды сұлуың
Сілкіп төсек сала алмас жардан соң.
Байдың ұлы көрпелдес
Шұбалаңқы тартады
Айдап жүрген малдан соң.
Үлдемен басын ораған,
Семсермен шашын тараған,
Қиғаштап көзін қараған,
Күлгенде күрек тісі қасқайған,
Қынайда белін буынған,
Ол не болар ерден соң?

Ақсаңнан биік тау болмас,
Бауырынан қашқан күзен көрінбес,
Ақшам батпай түн шықпас,
Ажал жетпей жан шықпас.
Етекті кессең, жең болмас,
Ежелгі дұшпан ел болмас.
Қара қойдың терісін
Сабындап жусаң ағармас.
Қалған көңіл табылмас.
Қараша торғай қаз болмас,
Шағала келмей, жаз болмас,
Шаңқан болмай боз болмас,
Іштен қыңыр туғанды
Тезге салсаң түзелмес.
Өзіңнен тумай, ұл болмас,
Екі жақсы қас болмас,
Екі жаман дос болмас,
Дос болғанмен, хош болмас.
Екі жақсы дос болмас,
Дос болса түбі бос болмас.

Бірінші тілек тілеңіз
Бір аллаға жазбазқа.
Екінші тілек тілеңіз
Ер, шұғұл, пасық, залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз -
Үшкілсіз көйлек кимеске,
Төртінші тілек тілеңіз
Төрде төсек тартып жатпасқа,
Бесінші тілек тілеңіз
Бес уақытта бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа.
Алтыншы тілек тілеңіз
Алпыс басты ақ орда,
Ардақтаған аяулын
Күнінде біреуге
Тегіннен тегін олжа болмасқа.
Жетінші тілек тілеңіз
Желкілдеген ту келіп,
Жер қайысқан қол келіп,
Сонан сасып тұрмасқа.
Сегізінші тілек тілеңіз
Сегіз қыйыр шар тарап
Жер тұлданып тұрмасқа.
Тоғызыншы тілек тілеңіз
Төреңіз тақтан таймасқа
Тоқсандаңы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа.
Оныншы тілек тілеңіз
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күні айналған,
Бұлтты күні босанған,
Тар құрсағын кеніткен,
Тас емшегін жібіткен
Анаң бір аңырап қалмасқа.
Он бірінші тілек тілеңіз
Он бармағы қыналы,
Омырауы жұпарлы,
Исі жұпар аңқыған,
Даусы қудай санқыған,
Назыменен күйдірген,
Құлқыменен сүйдірген,
Ардақтап жүрген бикешің
Жылай да жесір қалмасқа.

Сәлем - сөздің анасы,
Әлік алған данасы.
Шығанақтан шырқайды
О біреудің танасы.
Оның сөзін тыңдасаң,
Баяғы айтқан жаласы.
Өтірікті шын қылған
Ол Алланың қызыл көздің пәлесі.
Айтқаныңа көнбесе,
Айдауыңа жүрмесе,
Көңілінде бар оның аласы.
...Жақын жерден шөп жесе,
Жердің сәнін кетірер.
Ағайынның аразы
Елдің сәнін кетірер.
Абысынның аразы
Ауыл сәнін кетірер.
Жарау, семіз байда бар,
Құйрығы бітеу қойда бар,
Қос қанаты тимеген,
Қанаты бітеу қуда бар.
Ат тұяғы тимеген
Ақ кірпіш тас суда бар.
Әзірейіл келген күн
Жан қалар дер қайда бар?
Жар басына қонбаңыз,
Дауыл соқса, үй кетер.
Жатқа тізгін бермеңіз
Жаламенен бас кетер.
Жаманмен жолдас болсаңыз,
Көрінгенге күлкі етер.
Жақсымен жолдас болсаңыз,
Айырылмасқа серт етер.
Ит жүгіртіп, құс салсаң,
Киген тонын түлкі етер.
Сыпайы сырын білдірмес,
Ақырын ғана бүлк етер.
Көкте бұлт сөгілсе,
Көктеп болмас, не пайда.
Көкіректен жан шықса,
Қайтып келмес, не пайда.
Дін пұсырман болмаса,
Тіл пұсырман не пайда.
Қызда қылық болмаса,
Құр шырайдан не пайда.
Ерге дәулет бітпесе,
Қызыл тілден не пайда.
Мал араға түспесе,
Құр айтқаннан не пайда.
Байдан қайыр кеткен соң,
Мал да кетер, не пайда.

Алыстан қызыл көрінсе,
Манат емей немене;
Көтеріліп ұшқан соң,
Қанат емей немене,
Екі жақсы бас қосса,
Санат емей немене;
Қамшылатып жүгірген,
Шабан емей немене;
Айтқан сөзге түспеген
Жаман емей немене;
Сұрағанды бермеген
Сараң емей немене;
Қісі ақысын көп жеген
Арам емей немене;
Іштегі сыр аллаға мәлім,
Сыртыңдағы қулығың
Амал емей немене;
Сусағанда берген су
Шекер емей немене;
Һәммәтсіз ерге біткен мал
Бекер емей немене.

Қара арғымақ арыса,
Қарға адым жер мұң болар.
Есіл көзден нұр тайса,
Бір көруге зар болар.
Бетпақты сайға су түссе,
Атың арып келгенде
Өткел бермес кешерге.
Қайырсыз итке мал бітсе,
Аңқаң құрып келгенде
Саумал бермес ішерге.
Жаман болса алғаның,
Һәммәтлі туған есіл ер,
Киім тіксе ол қатын,
Жалғасы кетер көнтиіп,
Етегі кетер салпиып,
Үлгі болмас пішерге.

Досхан Жолжақсынов еще тексты


Перевод Translate.vc



Видео
Нет видео
-
Оценка текста
Статистика страницы на pesni.guru ▼
Просмотров сегодня: 3