Сен әлі жүресің Жан қызым! Күлесің шаттанып. Шаттықтан жүзіңнен мөлдір моншақ тамып, Жылайсың. Күллі әлем жылайды – Қуанған сәттегі сезімін ақтарып.
Бақ қонып басыңа... Жасыма?! – жүресің сен әлі. Бұл кезең – қайғыдан тұратын, өткінші сынақ қой, небәрі. Мен әлі сенемін Тәңірге! Түңілме?! Әлемде барлық жан – бақытты болады!
Қиянға жол алып талабың, Даланың жолдарын тоздырар табаның, Қарағым... бір сәтте басталар алғашқы қадамың, Сенемін! Сеземін бір ғажап боларын!
Өзгеше күйге еніп, гүлге еніп сен басқан әр адым, Нұр бүрлеп – көңілде, жүректе – сетінеп нала-мұң, Қарайсың ғаламға... Жұлдыздай жарқырап, Жарқырап жанарың!
Бау бақша ән салып тұрады Тау да асқақ тамсанып тұрады, Көресің, Жүгіріп жүресің сен әлі. Жүзіңнен алаулап шаттықтың шырағы.
Әжеңнің үйіне... Мектепке өзің-ақ барасың, Өзің-ақ көресің көшені. Аралап бақтарды... шақтарды еске алып кешегі – Жылайсың. Қөшеді. Қайғылы күндердің барлығы – санадан өшеді!
Арба ма? ... біз оны көрмейміз. ( Құлазып, күңіреніп көңілден кетпейтін нендей күз? ) Әлемде, дерт құшқан сәбидің барлығы – дертінен айығып кетеді, Арбаны сол күні жерлейміз! Көрмейміз...
Тек дұға – сәт сайын жүректен шығатын жалғыз үн, Жылама, Сен әлі жүресің, Жүресің жан қызым!