Кешіре гөр құлыңды, Алла, Қолын жайып тұрған мына. Зорға жеттім осы күнге, Тұла бойым ─ тұнған күнә!
Сол күнәдан арылатын, Ғұмыр берші, уақыт берші. Үлкен байлық қажет емес, Бір кішкентай бақыт берші!
«Лә иллаһа илла-Аллах», ─ деп, Бір жеңілдеп қалды денем. Жиған дүнием жұғын болмас, Иман берші алдыменен...
Қайырмасы: Құдіретті, қуатты Алла, Мейірімді, шуақты Алла! Бұ дүниеде жылатсаң да, О дүниеде жылатпа, Алла! Мың көпірден құлатсаң да, Қылкөпірден құлатпа, Алла! Жын-шайтанға жуытпа, Алла, Жүрегімді суытпа, Алла! Тәубемнен кейде жаңылып, Пендешілікке салынып, Мен сені ұмытсам да, Сен мені ұмытпа, Алла!
Жылау үшін жаратты, Алла, Жыла, жаным, жыла, жүрек! Сұрақ үшін жаратты, Алла, Сұра, тілім, дұға тілеп!
Жолым қалсын үлгі болып, Орындалсын бес парызым. Қалмаса екен мойынымда, Сұбхан Алла, еш қарызым.
Осы өлеңнің сауабын бер, Маған емес, тыңдарманға... Шындығы үшін дін-Исламның, Шыбын жаным құрбан, Алла.