Амал жоқ — қайттым білдірмей, Япырмау, қайтіп айтамын? Қоймады дертің күйдірмей, Не салсаң да тартамын. Талапсыз, бақсыз мен сорлы Еріксіз аттап ұяттан, Қорлыққа көндім бұл құрлы, Байқалар халім бұл хаттан. Әлімше мен де ұялып, Білдірмен дедім өлсем де, Шыдар ем күйіп мен жанып, Айында бірер көрсем де. Болмады көріп қалуға, Есітіп біраз сөзіңді. Шыдар ем бір ай жатуға ¥зақ түн жұмбай көзімді. Қызықтан қашып бұл жерге Көңліңіз суып келіпсіз. Мәнісін сұрап білуге Тілдесе алмаймын еріксіз. Келмесең егер сен бізге, Сау болмас па ем, әлбетте? Болмасам ашна мен сізге, Түспес ем мұндай бейнетке. Асау жүрек қайнамай, Жуасыр ма еді кезінде? Елден бір жақсы сайламай, Бармас па ем ерге өзім де? Өзгеге ешбір дүниеден Еркімен тимес бұл жүрек. Әзелде тағдыр иеден, Қожам — сенсің, не керек. Тіршілігім — құрбандық, Шыдамай сені көргенше, Тәңірімнен келген бұл жарлық, Ием — сенсің өлгенше. Әуелде кірдің түсіме, Ортақтасып өміріме. Толғау салып ішіме, Сол күнде-ақ жақтың көңліме. Қүдайдан болғай деп емі, Құдайыны мол бердім. Көрген жерде-ақ мен сені, «Осы екен ғой — сол», — дедім. Жатқан сайын ұйқыға Дұға оқушы ем, шошынып. ¥натып мені құлқыңа, Жүруші едің қосылып. Түсімде мені жұбантып, Жылы сөзбен сөйлесіп, Кетуші едің қуантып, Қалушы еді көңіл өсіп. Шыныңды айт, кімсің тербеткен, Иембісің сақтаушы? Әлде азғырып әуре еткен Жаумысың теуіп таптаушы? Шеш көңлімнің жұмбағын, Әлде бәрі — алданыс. Жас жүрек жайып саусағын Талпынған шығар айға алыс. Не болса да, өзімді Тапсырдым сізге налынып, Толтырып жасқа көзімді, Есірке деймін жалынып. Бұл жерде ешкім сырымды Білмейді, айтып не етейін? Жақтырмай бұзсаң нұрымды, Білдірмей күйін өтейін. Күтемін сізден қайта хат, Қуандырып дертім жаз. Ол болмаса, шыныңды айт, Кінә өзімде, өзіме аз. Өз хатыма өз көзім ¥ялып, қорқып баға алмас Кепілім менің — бір өзің, Бөтен жан тесік таба алмас.