Қызыл алма Әні: Заттыбек Көпбосынұлы Сөзі: Батырхан Дәуренбеков
Сары алтын жапырақпен жүзін жапқан, Алқызыл, алма көрдім күзгі бақтан, әридай... Қызара ұялғандай жасырынып, дегендей, «Үзіп алсын мені тапқан», әридай, Сенсің сәулем, дариғай...
Қайырмасы: Ой шіркін, қызыл алма, Шекер – бал ма, бұйырса, Ой, шіркін, қызыл алма Дәмі балдай, бұйырса, Қапы қалма, әридай... Күзгі бақтың сәні сен, Жүрегімнің әні сен, Қызыл алма, дариғай!
Таусылмас несібеміз әлі біздің, Сыйындай - қызыл алма алтын күздің, әридай... Уылжып піскен кезде бұйырғандай, келіп тұр - Сағағыңнан алып үзгім,әридай, Сенсің сәулем, дариғай...
* * *
Бұйырған кетпес деген, қуған жетпес, Бал дәмің - тіл үйірген естен кетпес, әридай... Ендеше, сен де өкінбе қызыл алма, жігітке - Бұйырғанға маған тектес, әридай, Сенсің сәулем, дариғай...