Алланың әмірі келді. Сондықтан оның тез келуін тілемеңдер. Алла, олардың қосқан серіктерінен пәк те жоғары. (1) Алла періштелерді өз әмірлерінен бір рухпенен (уахименен) құлдарынан қалағанына: “Рас Менен басқа ешбір Тәңір жоқ. Әрі менен қорқыңдар” деп ескертіңдер делінген түрде түсіріледі.(2) Ол көктерді және жерді шындықпен жаратты. Олардың қосқан cеріктерінен жоғары. (3) Адам баласын бір тамшы судан жаратты. Сонда да ол ашық жанжалшыл. (4) Тағы малдарды жаратты. Малдарда сендерді жылытатын және басқа пайдалы заттар бар. Әрі олардан жейсіңдер. (5) Сендер үшін малдарды қоралаған уақытта және өргізген кезде, бір зауық бар. (6) Малдар жандарың қиналып, ерең қалаға жеткізетін жүктеріңді көтереді. Рас Раббыларың өте жұмсақ, ерекше мейірімді. (7) Жылқыларды, қашарларды және есектерді мінулерің әрі зейнет үшін жаратты. Және сендердің білмеген нәрселеріңді де жаратты. (8) Тура жолды түсіндіру Аллаға тән. Ол жолдың қисығы да бар. Егер Алла қаласа, барлығыңды тура жолға салар еді. (9) Ол сондай Алла, сендерге көктен жаңбыр жаудырып, одан сусын және ол арқылы малдарыңды жаятын орман шығарды. (10) Алла, сендерге су арқылы егін, зәйтін, құрма ағаштары, жүзімдер және бүкіл өсімдіктер өсіреді. Шын мәнінде, түсінетін ел үшін әрине белгілер бар. (11) Ал сендер үшін түнді, күндізді әрі айды, күнді істетті. Жұлдыздар да Оның әміріне бағынысты. Шын мәнінде, ойланған қауым үшін әлбетте белгілер бар. (12) Сендер үшін жер жүзінде түрлі-түсті не жаратқан болса, шын үгіт алатын қауым үшін әлбетте үлгі бар. (13) Және де Ол, сондай Алла, жас ет жеулерің үшін және киініп, тағынатын сәндік-бұйымдар шығаруларың үшін теңізді бағындырды. Алладан ризық іздеулерің үшін кеменің суды жарып бара жатқанын көресің. Әрине шүкірлік етесіңдер. (14) Сендерді теңселтпеу үшін жер жүзінде асқар тауларды орналастырды. Жөн тауып жүрулерің үшін өзендер, жолдар жаратты. (15) Олар жол тауып жүретін белгілер және жұлдыздар (жаратты). (16) Жаратушы біреу, жарата алмайтын біреумен тең бе? Енді де түсінбейсіңдер ме? (17) Алланың нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар. Рас, Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді. (18) Алла (Т.) жасырын және көрнеу не істегендеріңді біледі. (19) Сондай Алладан басқа жалбарғандары еш нәрсені жарата алмайды. Олар жаратылғандар. (20) Олар өлі, тірі емес. Сондай-ақ қашан тірілетіндерін білмейді. (21) Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Сондай ақыретке нанбаушылардың жүректері қарсы. Сондай олар менменсушілер. (22) Дау жоқ! Алла, олардың жасырғандарын көрнеу істегендерін біледі. Расында Алла өзін жоғары санағандарды жақсы көрмейді. (23) Қашан оларға: “Раббыларың не түсірді?”,-делінсе: “Бұрынғылардың ертегілері!”,- дейді. (24) Өстіп олар қиямет күні, өз күнәларының кейбіреуін көтереді. Байқаңдар! Үстіне алған н