Сад. Үгіт толы Құранға серт. (1) Әрине қарсы болғандар, дандайсып, тартысуда. (2) Олардан бұрын қаншалаған нәсілді жоқ еттік. Сонда олар ойбайлады да; бірақ құтылар заман емес еді. (3) Олар өздерінен бір ескертуші келгеніне таңырқады да қарсы болғандар: “Бұл бір сиқыршы, барып тұрған суайт” деді. (4) “Тәңірлерді бір-ақ тәңір қыла ма? Әрине бұл тым таңғажайып нәрсе.” (5) Олардың бастықтары келіп: “Жүріңдер, өз тәңірлеріңде сабыр ете тұрыңдар. Сөз жоқ, бұл бір мақсатты нәрсе.” (6) “Тіпті бұны біз өзге дінде естіген емеспіз. Бұл мүлде бір жасанды жол.” (7) “Арамыздан осыған ғана үгіт түсірілді ме?,- (десті). Олай емес, олар Менің үгітімнен күдіктенуде. Әрине олар азабымды татқан жоқ. (8) (Мұхаммед Ғ.С.) немесе өте үстем, аса жомарт Раббыңның мәрхаметінің қазынасы олардың қасында ма? (9) Не көктер мен жердің әрі арасындағылардың иелігі олардікі ме? Ендеше, ыңғайын тауып, көтеріліп көрсін. (10) (Олар) мұнда соққы жеген рулардан бір қол. (11) Олардан бұрын Нүх, Ғад елі және салтанат иесі Перғауын да жасынға шығарған еді. (12) Сондай-ақ Сәмүд, Лұт және Әйке халқы да. Міне осы топтар: (13) Барлығы да елшілерді жасынға шығарғандықтарынан, азап лайық болды. (14) Ал енді бұлар да тоқтаусыз бір ғана ащы дауысты күтеді. (15) Олар: “Раббымыз, есеп күнінен бұрын көресімізді тез көрсет” десті. (16) (Мұхаммед Ғ.С.) олардың айтқандарына сабыр ет. Мықты құлымыз Дәуіт (Ғ.С.) ті есіңе ал! Өйткені ол, өте бой ұсынушы. (17) Рас оған тауларды бағындырдық. Олар онымен бірге іңірде әрі сәскеде Алланы дәріптейтін еді. (18) Оған құсты тобымен бағындырдық. Барлығы Алланы дәріптеуші еді. (19) Оның патшалығын күшейтіп, оған даналық, сондай-ақ дауға билік айту қабілетін бердік. (20) Саған даушының хабары келді ме? Сол уақытта дуардан асып бөлмеге кіріп келген еді. (21) Олар Дәуіт (Ғ.С) ке кірген сәтте, сонда олардан абыржып қалды. Олар: “Қорықпа, бір-біріне өктемдік еткен екі даушымыз. Арамызға туралықпен билік қыл. Шатаспа да бізді тура жолға сал” деді. (22) “Рас мына туысымның тоқсан тоғыз саулығы бар еді де менің бір саулығым бар еді. Сонда да ол, “Оны маған тапсыр” деп, сөз бойынша өзіме өктемдік істеді.” (23) Дәуіт (Ғ.С.): “Шынында сенің саулығыңды өз саулықтарыңның үстіне сұраумен саған зұлымдық еткен екен. Расында қарым-қатынаста болғандардың көбі, әрине бір-біріне қаралық істейді. Бірақ иман келтіріп, турашылдық істегендер басқа. Олар азғантай” деді. Дәуіт (Ғ.С.) шын мәнінде өзін сынағанымызды сезді. Сондықтан Раббынан жарылқау тілеп, сәждеге жығылып, бой ұсынды. (24) Сонда оны жарылқадық. Шәксіз оның Біздің қасымызда әлбетте жақындығы, көркем келешегі бар. (25) Әй Дәуіт! Сені жер жүзінде меңгеруші қылдық. Сонды