Жайлауында жүрген жігіт бағып қой, Дос келді деп, жасап жатыр анық той. Алғашқы рет көріп тұрсың сен оны, Нағыз қазақ осы, міне, танып қой. Сәйгүлікті құйрық-жалы таралған, Сүйетұғын қазақ осы, қараңдар. Қазақ осы күй шығарып, ән салып, Көкпар тартып, қыз қууға жаралған. Қазақ осы — айтатұғын желге сыр, О, ағайын, халық емес ол кесір. Қазақ осы — аңғал-саңғал жабусыз, Қазақ осы — ағыл-тегіл, көл-көсір.
Қазақ осы — дала дейтін, күн дейтін, Қазақ осы — «Өнер алды — тіл» дейтін. Қазақ осы — қарасың ба, ақсың ба, Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін. Қазақ осы — көргенінен танбайтын, Той-думансыз оты түзу жанбайтын. Қазақ осы — алудай-ақ алатын, Ал беруден алдына жан салмайтын. Қазақ осы — ашық жарқын қабағы, Қонақ келсе шабылып бір қалады. Байқа да тұр, саған да ол кетерде, Ат мінгізіп, жібек шапан жабады.
Қазақ осы — құда бол деп қинайтын, Құдаларын құдайындай сыйлайтын. Қазақ осы — дүние мен малыңды, Оңды-солды шашу үшін жинайтын. Қазақ осы — жайып жатқан қанатын, Батыр халық, ақын халық — дәл аты. Қазақ осы — өзімсінген адамға, Насыбайға бола өкпелеп қалатын. Жайлауында жүрген жігіт бағып қой, Дос келді деп, жасап жатыр анық той. Алғашқы рет көріп тұрсың сен оны, Нағыз қазақ осы, міне, танып қой.