Бауыр бассаң да тағыңа тіптен, Сегіз ғасырдай сағына күткен, Бейбарыс бабам, қазақ халқының Жамбозы едің бағына біткен. Шаптыға түсіп, адасып елден, Құлдыққа өтіп, астың ба белден? Дүниеде жалғыз өзіңсің, бабам, Кісенмен кетіп, көсем боп келген. Даңқыңды шырқап асырдың, көкем, Біртуа болып - ғасырдың бекем. Мөлт ете түскен сағыныш жасын, Ұлыңнан қалай жасырдың екен?... Мөлт ете түскен сағыныш жасын, Жарыңнан қалай жасырдың екен?..
Шайқала бермес емендерім-ау Шарқ ұрып сыймас көгенге мынау Бала боп кетіп, дана боп қайттың Ақ Жайығыңа, кемеңгерім-ау. Бала боп кетіп, дана боп қайттың Ақ Жайығыңа, кемеңгерім-ау.
Астында тағы, басында бағы бар, Бірақ, ұйқысынан: «Туған жер, Қайран Жайық, қадірлі ата жұртым» деп оянады, дерсің...
Шаршатқан шығар алдамшы арман, Бақи мәңгілік дүние жалған, Ұлтан көп елде Бейбарыс бабам Қыпшақтан өзің сұлтан боп қалған. Сұлтан боп билік құрған ең топқа, Төтеп берген ең у менен отқа. Алыс өлкеңнің жайлы топырағы Жамбасқа батып жатқан жоқ па?
Ерлігің сенің - таусылмас жыр-ән, Арабқа сіңген азатшыл ұран. Ескерткіш болып оралдың елге, Қазақтан ұшқан қанатты қыран. Ескерткіш болып оралдың елге Атыраудан ұшқан қанатты қыран.