Арманшыл болсаң құп алам, Арына сенер бұл алым Өмірде нелер болмайды, Сүрініп мен де құлағам Өнерді қусаң мол болар, Өмірден алған сыбағаң Абайла қызым, тағдырдың бұралаң жолы-ай бұралаң. Талайды сынап түзеткен, Еліңді сыйла ізетпен Әкең де саған жол сілтеп, Ізгілік жолын күзеткен Анаңды жерге қаратпа, Көктемін сен деп күзеткен Абайла қызым, тағдырлар талайдың жанын мұз еткен
Өмірге берсең, аласың, Оқысаң, лаулап жанасың Шайпауыз болсаң арманға жете алмай жолда-ау қаларсың. Нәзіктік болар жолдасың Ұл емес сен қыз баласың Абайла қызым, тағдырлар салады жанға-ау жарасын. Құлағын түргін санаңның, Жұмбағы санның ғаламның Арман мен нұрдан жаралған, Гүлісің сен бір даламның Адалдық болса кеудеңде, Артқаны дәйім бағаңның Абайла қызым, өзіңнен болмақ жақсы-ау адамның.
Атырып көзбен әр таңды, Әжең де қуған арманды Кім өтер дейсің мәңгілік, Жанына байлап жалғанды Өмірде не бір арулар, Өшпестей өрнек салғанды Абайла қызым, өкініп талайлар қапы-ау қалғанды. Арайлы таңның жыры көп, Жыры көп, шашар нұры көп Тазалық болса кеудеңде, Даламның айтар сыры көп Уақытты босқа өткізбе, Шығарма естен мұны тек Айтпайды босқа әкең де, Уақыттың адам құлы деп.
Кәрілік қашсаң қоймайды, Сұмажал тіптен тоймайды Ғұмырың лезде өтеді, Мақсатқа жетпей болмайды Еңбекті сүйсең көгеріп, жапырағың солмайды. Жеңілдек болсаң қайғыңның, Өлгенше орны толмайды Найзағай көкті жүз тіліп, Жатады кейде түз күліп Жасарып әлем айдында, Сәулесі түсер сүзіліп. Жаз өтер қыс пен күз де өтер, Құс қайтар қайта тізіліп Кірпікте арың ілулі, Кетпесін жас боп үзіліп Өмірдің сырын байқадым, Жақсыға байтақ бай таңым Әділдік жолын барласаң, Кеудеңде шарлар қайдан мұң Үмітін ақта-ау анаңның, Қызым-ау саған айтамын Әдепті болсаң, өмірден қуанып мен де қайтармын Қуанып мен де қайтамын.