Жек көрем итті! Алысып жүрем, Шабысым жүрем! Қағынып… Сайын даланың тағысымын – мен, Не деген ғажап – тағылық! Шауып түсемін! Күш ағысымды Сыйғыза алмай ішіме. Адамның алмас пышағы сынды Ырзамын азу тісіме! Қасқыр – бабалар! Бар ұлыстардың Мазасын алып манадан – Иттермен болған қанды ұрыстардың Иісін сезем даладан. Қаңқу сөз жүрек кегін үрлейді, Қорлық-қарғысқа барабар. Бізбенен иттің тегі – бір дейді… Рас па, қасқыр – бабалар?! Өлексе үшін жұлысқан болсақ, Өмірі бітпей кегіміз, Иттермен бірге туысқан болсақ, Не болды – ата тегіміз?! Ала төбеттің астында қалар, Күн туғаны ма ақыры… Неге үндемейсіңдер, қасқыр-бабалар, Қағынып кеткен жатыры?! Неге үндемейсіңдер? Ұрлық түн еді: Жатқаным мынау – жау іші. Аспанның астын дүрліктіреді, Үрген иттердің дауысы…