Сағыныш аңқыған шырақтар
Қызарасың жүз бұрылып, бір қарап,
Бұлттар – ғазал, аспан деген нұр парақ.
Мөлдір-мөлдір арлар, нұрлар, ұяттар,
Сенің мұңлы жанарыңнан тұр қарап...
Саған бәлкім ұқсамайды мұңсыздар,
Егізің бе көктем деген бір қыз бар.
Қара түнның жанарынан үзіліп,
Кірпігіңе тамып жатыр жұлдыздар...
Көктем болдың маған қарап күзіңе,
Қанаты түн мұң қонады жүзіңе.
Неге құстар ғашық сенің көзіңе,
Неге жолдар ғашық сенің ізіңе...
Сынған әйнек жанарынан төге мұң,
Жұлдыздарға жырларымды егемін.
Жанарыңды сағынады неге таң?
Мұңдарыңды сағынады неге түн?
Шырақтары алаулаған маздар түн,
Сенің үнсіз тұрысыңда саз бар-тын.
Сенің үнің әуезінде бұл-бұлдың,
Сағынышың қанатында қаздардың...
Кірпігімнен өлең ұшты пыр-пырлап,
Жүрегімде үміттерім жылтылдап.
Жанарымнан аққан мөлдір тамшылар,
Бара жатыр табанымда шылқылдап...
Тәні – шумақ, жаны – мәні жыр қыздан,
Қабағымның ортасына мұң сызғам.
Қиялыңның қанаты қап ақ бұлтта,
Көз жасыңның исі аңқиды жұлдыздан...
Сен мендіксің, мен сендікпін дегенмен,
Қалықтаған аспаныңда шөгел ем.
Маған ғана ғашық болдың неге сен?
Саған ғана ғашық болдым неге мен?
Нұрбек НҰРЖАН еще тексты
Другие названия этого текста
- Нұрбек НҰРЖАН - Сағыныш аңқыған шырақтар (оқыған: Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН) (0)
- (оқыған-Арман Құдайберген) - (Ақеркеме) Сағыныш аңқыған шырақтар Нұрбек Нұржан (0)
Оценка текста
Статистика страницы на pesni.guru ▼
Просмотров сегодня: 1