Сен мені түсінсеңші. Түсінер деп жыр-маржан төгіледі (төгілсе жыр, сол ғана көңіл емі). Қошқар мүйіз әжемнің теруіндей сөз тізбегі кеудемде өріледі. Өзің жоқсың жанымда. Теңіз-көңіл қалайша толқымасын (есің шығып сүймесең, ол күнә, шын). Мәңгі кетер өзіммен мұң-қайғымды сен де түсінбеген боп, тор құрасың. Елестетші: жалғыз жан... жым-жырт бөлме... Шыдам таппай, он кіріп, он шығасың. Айыпты өзің. Осылай құлазытып, сосын қайта көңілді толтырасың. Менің көңіл-көгімнің жайлауысың, сұраса жұрт, тек саған жол сұрасын. Басқа ештеңе білмеймін. Есалаңмын (Азабы ғой бұл маған Жасағанның). Өзің айтшы, айтшы өзің, сыбырлашы, өрт сезімді қалай мен баса алармын? Жеткізсінші жырларым саған, жаным, сен екенін тек жалғыз алаңдарым. Мені еш нәрсе өмірде таң қылмайды: даңқ, мансап, кей "мықты" адамдарың. Білесің ғой, өзіңсіз мұңды жаным. Үнім шықпай, мен іштей шыңғырамын: "Түсінсеңші сен мені бар қалпыммен, сарқылмашы мәңгілік, мың бұлағым!" Саған деген сезімім теңіз сынды: еш адамға көрінбес төңірегі, толқындарға батады, көміледі. Сен осылай құртасың, қуантасың, тек моншақтар жыр болып өріледі.