Тыңдасаңдар асықпай, Өлеңімді айтайын, Қолтығыма басып-ай Гитарамды тартайын, Мейлі, тіпті үгілсін Саусағымның еттері, Мейлі тіпті үзілсін Гитарамның шектері.
Дәу төбенің басында Шөбін жұтып құлан жүр, Сол құланның қасында Оны шағып жылан жүр. Беріректе көрініп, Өңі кеткен терек тұр, Сол терекке ілініп, Түбі түскен шелек тұр.
Не болды деп, батырым, Ұқсап байғұс пақырға, Екпетімнен жатырмын Құлап шалшық тақырға. Дауыстаймын бақырып, Ешкім көңіл бөлмейді, Жалынамын шақырып, Ешкім қолын бермейді.
Ауыл тұр деп, әнекей, Анау тұрған шайтан-ау, Апаршы деп, қанекей, Барып оған айтам-ау. Жаны шыққан ауруға Шайтан серік бола ма, Апарам деп ауылға, Апармасын молаға.
Ойбай салып, безектеп Қақсағанмен құдайға, Бейшара, не керек деп Құдай сенен сұрай ма. Сен мындасың, анда ол, Құдай саған көне ме, Айтқаныңды тыңдап ол, Көмек саған бере ме?
Не болса о болсын деп Алға қарай тартам ба, Сілем құрды, құрсын деп, Кері қарай қайтам ба, Айырылып түрімнен, Тұра алмай орнымнан, Жан тапсырып түбінде Құтылам ба мұңымнан?
Өмірге не қыласың, Өмірге не істейсің, Қай шашыңды жұласың, Қай жеріңді тістейсің? Қара қарғыс атқандай Жанталасқан адам-ай, Ақсақалдар айтқандай Төңкерілген заман-ай!
Қайырмасы: Өйдарайдай, идарай, Мазалаған ойлар-ай, Көп заттарды білмейтін Жгіттермен қыздар-ай!