Қап-қара жалын тозақтан қорқам, тозақтан. Сұп-суық хабар кеп жете ме деп со жақтан. Шыжылдап майлар, шатырлап сүйек жанғанда, Лағнет айтып бес күндік сынақ жалғанға, Ібілісті қарғап түзу бір жолдан тайдырған, Азапқа лайық, мазаққа ғана сай қылған, Мыңшақты емес, миллион жылға айдалып, Қор болар ма екем қып-қызыл шоққа айналып. Адамның ұлы ем дүниеге мынау таралған, Дәрежемді айтсам, періштеден артық жаралған, Бүгінде бірақ періште қайда, мен қайда, Кім созар қолын мүшкілдеу біздің жағдайға, Бауырларым да, бала-шағам, дос-жекжатым, Шайқаспай беріліп, шайтанға әскер боп жатыр, Бәрі де «дана», бәрі де «көсем» шетінен, Дәуірлеп дәурен сүруге мықтап бекіген, Ақырет қамын жасамай жүріп әлекпен, Алланың ұлы мейірімінен дәметкен. Сол оттан қорқам, тозақтан қорқам. Тозақтан. Көрмейді соны қазақтар біздің көзі аққан. Ағылған солай парақорлардың парады, Маскүнемің, әне, қолтығына қысқан арағы. Жемқорың анау - отырған әрең тыныстап, Зинақорың жүр шоколад, шампан, гүл ұстап, Сопылар кетті Аллаға пірін серік қып, Зіркілдеп зікір салғандарынан зеріктік. Дымыңды білмес дүмшелер кетті молда боп, «Құдайым оңда, әруағым, өзің қолда!» деп. Сәуегей, балгер, тәуіптер кетті дес бермей, Құранның қатал ескертпелерінен сескенбей, Әр төмпешіктің әулие санап, асыға, Мәрмәрдан өріп, кесене салдық басына. Қарасаң қайда ағыл да тегіл ысырап. Ысталды кеуде Тәңір кәріне ұшырап. Өнерде жүрген сезімнің сансыз құлдары, Сендер де болдың атақ пен даңқтың құрбаны. Ақын мен әнші серіліктен ептеп татса дәм, «Оралың барда ойна да күл!» деп қақсаған. Жазушы қайтпек бауыры бүтін, басы аман, Кейіпкерлердің тағдырын ойдан жасаған… Сан ғасыр бұрын бақилық болған кісінің, Қиялға еріп саламыз сурет, мүсінін. Айтылған ғайбат сөздерге сөзсіз жауап бар. Саулайды тілден тірнектеп жиған сауаптар. Қалады ертең қарқ та қарқ күлкі, қалжыңың, Тозақта шөлдеп ішкенде ыстық, қанды ірің. Жегенің сонда тікенек тектес ас болса, Ата-анаңмен де алмайсың онда достаса. Шайтанға тозақ, жәннаттан оған үміт жоқ, Солқылдақтарды әкетіп жатыр үгіттеп. Сондықтан түскен төрт кітап, сансыз пайғамбар, Сақтаныңдар деп сайтани сауық сайраннан. Жаратушы өзі жөн сілтеп сені қорғаса, Азғырушыға қашқың келеді алдаса. Ғибадат түгел, құлшылық бүтін болмаса, «Ниетім түзу, жүрек таза» деу – далбаса, Раббына құл боп өмір сүргісі келмеген, Түсінбей қойдым тәкәпп