Тұқыртып тұрмыс қыспаққа алғанда, Қабағымда мұң қыстап қалғанда, Қолды бір сілтеп іш тартқандарға, Керуен тартқан құстармен бірге, Жылы жақтарға ұшпақ болғанда, Жарылқаушы Тәңірім, Өзіңді ойладым.
Көңілдің көлі лайланғанында, Ұршықтай басым айланғанында, Көрмеуге лайық көкелерімнің, Көлеңкесіне байланғанымда, Құдыретті Раббым, Өзіңді ойладым.
Сағым бір сынған сағаттарымда, Сабы алтын сапы жоғалтқанымда, Арқардай менің арда достарым, Арқасын бері қаратқанында, Жаратқан Ием, Жаппар Құдайым, Сен болдың жалғыз дәрмен, тірегім. Өзіңнен жаным тыныштық тауып, Өзіңнен ғана жәрдем тіледім.