Мен қазақпын! Қыран елмін азатпын! Пейіліммен кеңмін, Иесімін кең-байтақ жердің…
Мен Қазақпын, ғажаппын! Еркіндік үшін дүниеге келдім. Көк Тәңірінің иесі едім. Асан қайғы боп жаһанды кездім. Құрманғазының күйіне ендім. Абылай ханның соңынан ердім. Қабанбай қас батырым едің. Абайдай алып данамын, Махамбеттей өрмін дарамын!
Мен Қазақпын, Ғажаппын! Әйтеке, Төленің тілдеріндемін. Қазыбек бидің жүрегіндемін. Әл-Фарабидің мұратындамын. Қажымұқанның қуатындамын. Тұрарменен түрмеде жаттым. Шоқан болып жұлдыздай ақтым. Қасым — қайсар ақыным еді, Мұқағали — жыр-әнім еді.
Шәмшінің мен әнімін, Үміттің де таңымын. Береке мен бақ қонған Ұрпағымын Ұлы елдің!
Мен Қазақпын, Қазақпын! Тарихым менің тоналғанда, Суалдым Мен Аралдай. Тәуелсіздік таңы атқанда, Қуандым Мен баладай. Ақан Серінің құлагерімін. Қожа Ахметтің мұрагерімін. Ойран болған Отырардың, Өлмейтұғын куәгерімін.
Батырмын Мен — Оспанмын. Бауыржанмын, дастанмын. Арманның бәрі Менікі-ей, Астындағы айлы аспанның.
Мен Қазақпын, ғажаппын! Ғарышқа самғап тіл Көктен қаттым. Желтоқсанда мұзға от жақтым. Азаттықты аңсап ерлікке жеттім. Қазақпын деп биікке тарттым. Қозы мен Баян махаббатымын. Сәкеннің сырбаз Салтанатымын. Жамбыл жыры — жақұтым Менің. Ер Қайырхан рухы Мен едім.
Қасқа жолмын — Қасыммын! Ескі жолмын — Есіммін! Нұрлы жолмын — Алашпын! Өшпейді Қазақ есімім!
Біріңді — Қазақ, бірің — дос, Көрмесең істің бәрі бос!