Пейіш, тозақ таласар, таласуда баян бар, Тозақ айтар: мен артық, менде Перғауын, Һаман бар. Пейіш айтар: білмейсің, сенде қандай талғам бар?! – Перғауын, Һаман сенде-дүр, менде Жүсіп, Кенған бар. Тозақ айтар: мен артық, дүниепарас көп құл жүр, Қолдарына салынған алмас кісен, от-шынжыр. Пейіш айтар: мен артық, мен – Пайғамбар мекені, Алдарында олардың: кәусар, һүр мен нөкері. Тозақ айтар: мен артық, менде жөйіт, тарса бар, Жөйіт, тарса тәндерін сансыз азап паршалар. Пейіш айтар: мен артық, менде иманды құлдар бар, Момындардың алдында шексіз нығмет – гүлзар бар. Тозақ айтар: мен артық, залым құлдар бар менде, Залымдарға беретін зәһар – менде, зәр – менде. Пейіш айтар: мен артық, ғалым құлдар – төрімде, Аят, Хадис, Құран бар ғалымдардың көңілінде. Тозақ айтар: мен артық, алаяқ бар – қойнымда, Оттан ескен кісен бар мұнафықтар мойнында. Пейіш айтар: мен артық, менде – хақ жол тұтқандар, Сопылардың көңілінде Зікір, Пікір, Сұбхан бар. Тозақ айтар: мен артық, бейнамазды аяр бар, Бейнамаздың мойнында жылан менен шаян бар. Пейіш айтар: мен артық, менде – Дидар-Мұратың, Жар Дидарын көрсетер бар Рахман – Рахым. Тозақ сонда тақ тұрды, пейіш көкке самғады, ал, Құл Қожа Ахмет, не білдің? – Білдіруші Алла бар.