Жүрегімде жүргені-ай бір қауіптің, Сабағындай шырмайды шырмауықтың Үмітпенен, арманмен, күдікпенен, Өтіп жатыр зымырап зырлауық күн. Шешем менің еңкейіп бара жатыр, Қай күні келер екен нала «батыр». Жел маған сыбырлайды аят оқып: «Бір күні айрыласың, қара да тұр». Кім білсін, көңіл, қандай күй кешеді, Қаңырап қалуы оңай үй кешегі. Аландаймын алтыным жоғалғандай, Анамның көрінбесе кимешегі. Шешем менің - иілген сұрау белгі, Сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді. Қалай ғана қалпына келтірерсің, Дауылдар майыстырған мынау белді. Ұлың сені жұмаққа бергісі жоқ, Жұмағың да тамұқ қой - көргісіз от. Осылай көз алдымда жүре берші, Сұраулы сөйлемдердің белгісі боп