Өкініш
Бес мезгіл сәті бақыттың
Бағалап жатыр оны кім?
Ысырап болған уақыттың
Толтырам қалай орынын?
Күнәһар болу кімге оңай?
Имансыз жаннан тән азды.
Керіліп жатқан күндер-ай
Елемей таңғы намазды.
Жабылар жәннат есігі
Болмаса бөгет, еш тыйым.
Қаза боп кеткен бесіні
Күндердің құны бес тиын.
Сау басым дауға ілікті,
Шашылмас жерде шашылдым.
Асыр сап босқа жүріппін
Уақытында асырдың.
Ертерек мұны білгенде
Құламас едім жыраға.
Күн батып, ақшам кіргенде
Мен батып жүрдім күнәға.
Білмеймін кімге қырсығып
Шайтанға жүрдім сыңар боп.
Құптанда қылмай құлшылық
Қызыққа жүрдім құмар боп.
Нәпсімді ерте жеңбестен.
Ойланбай жүрдім секіріп.
Ораза айы келгенде
Тойғаннан жүрдім кекіріп.
Той тойлап таңды таңға ұрып
Дертімнің таппай бір емін.
Қадір түнінде қаңғырып
Қадірсіз болып жүр едім.
Түгендеп барлық жоғымды
Әлекпен жүрдім әрдайым.
Тау-тасқа талай соғылды
Сәждеден қашқан маңдайым!
Жүректе қазір маза жоқ,
Кеш ұқтым сөзін Құдайдың.
Намазы кеткен қаз боп
Күндерім үшін жылаймын.
Алдымда жатқан көлденең
Нәпсісін жиған батырмын.
Өлімге барар жолменен
Өмірде жүріп жатырмын!
Мақсат Әсетұлы (Цигано) еще тексты
Оценка текста
Статистика страницы на pesni.guru ▼
Просмотров сегодня: 1