Алматыда бір ұлың сәлем деді дегейсің, Сәтін салса құдайым, келемін деді дегейсің. Көңіл-күйін байқатпай, кейде жүрер жол таппай, Сағыныштың сызығы тереңдеді дегейсің..
Алматыға бұл күнде сыймай-ақ жүр дегейсің, Туған жерің, достарың қимай-ақ жүр дегейсің. Қалмағандай тірегі, шытынаған жүрегі, Амал қанша, әйтеуір, қирамай жүр дегейсің...
Алып ұшқан көңілі басылып жүр дегейсің, Жүдегенің жанының жасырып жүр дегейсің. Жылулық іздеп іздерден, жапырақтай күз көрген, Шаршаңқырап бұл күнде шашылып жүр дегейсің.
Күтіп жүрген жоқ әзір кәрілікті дегейсің, Сыйласатын досының бәрі мықты-ай дегейсің. Жалғыз өскен шынардай, өкінішін шығармай, Ағайынды ауылын сағыныпты дегейсің...
Шашына да аз күнде ақ кіріпті дегейсің, Көніліңнің көліне қақ тұрыпты дегейсің. Тойы болды керемет, шақырғанмын, келер деп, Ағайынды сол күні қатты күтті дегейсің.
Күрмеуге де қысқа жіп келмейді екен дегейсің, Тірі жанға-тіршілік өлмейді екен дегейсің.. Айтқаныңның бәрі шын, жалғыз шыбын жаны үшін, Ешкімге де намысын бермейді екен дегейсің...
Байлық пенен мансапқа қызықпапты дегейсің, Кейде ішпейтін ортада қызып қалыпты дегейсің. Белгі болып бұл күннен, күн сайырлап кірбіңнен, Жүрегінде өшпейтін сызық қалыпты дегейсің.
Жаңалығын ел жақтың біліп жатыр дегейсің, Қиындыққа сыңалып кіріп жатыр дегейсің. Өз-өзімен байланып, жолға қарап ойланып, Алматыда бір ұлың жүріп жатыр дегейсің...
Өз-өзімен байланып, жолға қарап ойланып, Алматыда бір ұлың жүріп жатыр дегейсің...